Қостанайдағы зауытта Chevrolet Onix моделі шығарылады
General Motors пен қазақстандық Allur автомобиль компаниясы арасында өндірісті кеңейту туралы келісімге қол қойылды.
Үшжақты келіссөздер аясында Allur-дың Қостанайдағы зауыты Uzautosanoat-пен бірлесіп өзінің өндіретін автомобильдер қатарын жаңа Chevrolet Onix-пен толықтырады. Кәсіпорында шағын тораптық құрастыру (CKD) әдісімен жылына 30 мың көлік шығарылмақшы. Жоспар бойынша қуаты 15 мың бірлікті құрайтын желі екі ауысыммен жұмыс істейді.
Жобаны іске асыру үшін $50 млн көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Allur-дің ресми хабарламасында, аталмыш жоба өндірістік әлеуетті кеңейтуге және қазақстандықтарды заманауи және қолжетімді автомобильдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылған.
«General Motors атынан Қазақстан үкіметін осы бірлескен жұмыстағы жетістігімен құттықтағым келеді. Allur компаниясына өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Қысқа уақыт ішінде брендті Қазақстан нарығында алдыңғы орынға шығарып отырмыз», — деді GM International президенті Шилпан Амин.
Екі тарап бірлескен жұмысты дамытудың жоспарында өткізу нарықтары мен тұтынушылық сұраныстың қажеттіліктерін есепке алып, автомобильдер қатарын жаңарту және кеңейту мүмкіндігі туралы келісті. Allur GM-мен бірігу халықаралық компаниялар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді деп мәлімдеді.
«General Motors тобымен әріптес болу, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін стратегиялық жағынан аса маңызды. Бұл жерде әңгіме тек өнім өндіру туралы ғана емес, сондай-ақ, әріптестеріміздің жылдар бойы жинақтаған технологиялар мен сараптамалық білімді беретінін айтып отырғанымызды түсіну маңызды», — деп есептейді ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Қостанайдағы Allur зауытында Chevrolet өндірістік желісі 2022 жылдың наурызында іске қосылды. Жоба «Аллюр» КТ» АҚ мен «УзАвтоСаноат» АҚ арасында құрылған бірлескен кәсіпорын аясында іске асты. Бастапқыда желінің өндірістік қуаты жылына 26 мың автокөлікті құрады.
Chevrolet Onix жаңа моделінің Қазақстандағы ресми бағасы әлі жарияланған жоқ. Шетелдік нарықтағы бағаларға сүйенсек, ол 5,5-нан 6,3 млн теңгеге дейін барады. Елімізде Chevrolet-тің Cobalt және Nexia модельдері сұранысқа ие. Олардың бағасы 5,89 және 5,19 млн теңгеден басталады.
«Onix — седан шанағындағы B- сегментке жататын шағын автомобиль. Ол Hyundai Accent және KIA Rio-мен бір санаттас. Onix моделі Tracker-дегі секілді агрегаттармен шығарылады. Көлік Chevrolet-тің Қазақстандағы желісіне өте жақсы сәйкес келеді», — деп хабарлады, Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай, CARMA.KZ редакциясына.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, Chevrolet маркалы автомобильдер қазақстандық нарықта аса жоғары сұраныста болды: қаңтардан қыркүйекке дейін 24,5 мың көлігі саудаланған. Қазақстанда брендтің Cobalt, Damas, Nexia, Equinox, Spark, Tahoe, Tracker және Traverse модельдері қолжетімді.
Олжас Сабитов, журналист
28.10.2022, 12:20