Меню CARMA.KZ

Қазақстандықтар жеңілдік сертификаттарымен қайтадан көлік сатып ала алады

«Жасыл Даму» утильдік сертификаттар бойынша сатып алуға болатын автомобильдердің және компаниялардың тізімін жариялады.

Қазақстандықтар жеңілдік сертификаттарымен қайтадан көлік сатып ала алады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстандықтар жеңілдік сертификаттарымен қайтадан көлік сатып ала алады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

«Жасыл Даму» АҚ көлік құралдарын утильге тапсырғаны үшін, бұрын «ӨКМ операторы» берген жеңілдік сертификаттарын қаржыландыру басталғанын  хабарлады. Сертификаты барлар Daewoo Bus Kazakhstan, «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп», «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы», «МТЗ-Қазақстан», «Агромашхолдинг KZ», «Қостанай трактор зауыты», «СемАЗ» және «Камаз Инжиниринг» компанияларының шығарған техникасын сатып ала алады. Қолжетімді автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларының тізімімен толығырақ «Жасыл Даму» АҚ сайтында таныса аласыз.

Сондай-ақ, ұйым  жеңілдік купондарымен өнімін сатып алуға болатын көлік өндірушілер тізімінде Hyundai Trans Kazakhstan жоқ екенін айтты. Алматылық кәсіпорын «ӨКМ операторымен» осыған дейін жасалған шартқа қосымша келісімге қол қоймағаны белгілі болды.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai I30, Sonata, Elantra, Tucson, SantaFe, Palisade, сондай-ақ, Staria жеңіл автомобильдерін шығарады. Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығының мәліметтері бойынша, Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстанда автомобиль өндірісінің деңгейі бойынша екінші орында тұр. 2022 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін онда 26 мыңға жуық көлік шығарылды.

Қазір жеңілдік сертификаттарының жарамдылық мерзімі — 1 жыл.  «Жасыл Даму» компаниясы мерзімі өтіп кеткен жаратылмаған сертификаттарды экологиялық таза автомобильдер өндірісін ынталандыру ережелеріне өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана пайдалануға болатынын түсіндірді.

Қазақстандықтар көлік құралдарын утильге тапсырғаны үшін жеңілдік сертификаттарын алуға мүмкіндіктері бар. Жеңіл автокөлік үшін 220 мың теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы техникасы үшін 650 мыңнан 2 млн теңгеге дейін сертификаттар беріледі.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
21.10.2022, 16:58