Қазақстанда жол бойы сервисінің 200 нысанын салу қажет
Олар республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасуы тиіс.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, елімізде жол бойындағы сервистің 1 701 нысаны (ЖМҚС, дәретханалар және сауда пункттері) бар және олардың 1 174-і (69%) талапқа және ұлттық стандартқа сәйкес келеді.
«Биыл жеке инвестицияларды тарту есебінен 60-тан артық нысан (ЖМҚС, санитарлық-гигиеналық тораптар) салу және қолданыстағы 70-ке жуық нысанды талапқа сай жағдайға келтіру жоспарланып жатыр. Талдау қорытындысы бойынша және нормативтік талаптарға сәйкес, бүкіл республикалық жолдарды қамтамасыз ету үшін 200-ге жуық нысан салу қажет», — деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі үкімет сағатында.
Ол жол бойындағы сервис нысандарын салуды жер учаскелерін берудегі шектеулер күрделендіріп отырғанын атап өтті. Ал ол жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне жатады.
Сондықтан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жер кодексіне түзетулер енгізу мәселесін көтерді. Оған сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы жер учаскелері «Қазавтожол» қарамағына беріледі. Содан кейін мекеме осы учаскелерді әрі қарай сатып алу мүмкіндігімен инвесторларға конкурстық негізде бөле алады.
Қайырбек Өскенбаев жол бойындағы сервис объектілері 2 санатқа ( Д» және «А») бөлінеді деп қосты. «Д» санатына жанармай құю бекеттері, дәретханалар және бөлшек сауда пункттері кіреді. Мұндай нысандар әр 50 шақырым сайын тұруы тиіс. «А» санатына жоғарыда аталған қызметтердің барлығын жүзеге асыратын объектілер кіреді, олар әр 250 шақырым сайын тұруы керек.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
17.10.2022, 16:04