Меню CARMA.KZ

Қазақстанда бензин өндіру көлемі артып келеді

2022 жылдың 9 айында, 2021 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, МӨЗ-дер бензинді 5,9%-ға көп өндірді.

Қазақстанда бензин өндіру көлемі артып келеді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда бензин өндіру көлемі артып келеді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 2022 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін 3,7 млн тонна бензин өндірілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 5,9%-ға артық. Сондай-ақ, дизель өндірісінің көлемі 4 млн тоннаға дейін өсті. Бұл өткен жылдың қаңтар-қыркүйегіне қарағанда, 8,3%-ға көп.

«Өңірлерде жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне және оның тапшылығына жол бермеу үшін бірқатар шаралар қабылданды. 2023 жылдың қаңтарына дейін жанармай станцияларында әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің шекті бөлшек сауда бағасы ұзартылды. Шекара маңындағы елдерде жылыстауды болдырмау мақсатында дизель отынына сараланған баға енгізіліп, жанармай станцияларында дизель отынын сатуды есепке алатын электрондық жүйе енгізілді», — деді энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында.

Ол өңірлерде қалдықтарды мониторингілеу және шалғайдағы елді мекендердегі жанармай станцияларға мұнай базаларында жанар-жағармай көлемін бөлетін комиссияның жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Жыл соңына дейін мұнай өнімдерін көлік құралымен экспорттауға салынған тыйым ұзартылды.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Оған сәйкес, МӨЗ-ден жанармай станцияларына отын жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
11.10.2022, 16:07