Қазақстанда автомектептерді лицензиялауды қайтаруы мүмкін
2018 жылдан бері автомектеп ашу үшін ешқандай лицензия мен рұқсат қажет етілмейді.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында Қазақстанда 1 478 жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталса, соның 917-cінде жүргізуші кінәлі.
Үкіметтің отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов адам өлімімен аяқталған апаттардың жартысы (917) көлікті өз бетінше үйренгендердің, яғни автомектептерде оқымаған жүргізушілердің кінәсінен болатынын атап өтті.
«Қазір 747 оқу орталығы оқытады. Оларды ашу үшін 2018 жылдан бері лицензия мен рұқсат қажет етілмейді. 2020 жылы олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тоқтатылды. Сапасыз дайындық үшін олардан әкімшілік жауапкершілік алынып тасталған. Бұл, көп жағдайда, оқу үдерісінің қағаз жүзінде ғана жүруіне алып келді. Көп мектепте қажетті материалдық база жоқ», — деп мәлімдеді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, автомектептерге талаптарды төмендету болашақ жүргізушілерді дайындаудың деңгейін нашарлатқан.
ІІМ- дегілер апаттың негізі себептерінің бірі — көлік тәртібінің төмендігі деп атады. 2022 жылдың басынан бері полиция 4,5 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзудың жолын кескен:
- 17,5 мыңнан артық мас жүргізуші ұсталған;
- 20 мыңнан астам жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылған;
- 188 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.
Өз кезегінде премьер-министр Әлихан Смайылов автомектептерге талаптарды күшейту қажет дегенмен келісті. Сондай-ақ ол әкімдіктерге жергілікті бизнеспен бірлесіп болашақ жүргізушілер машықтануы үшін автодромдар орнату мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды
«Өкінішке қарай, жүргізушілер арасында көлік жүргізу тәртібі төмендеп кетті. Жол қозғалысы ережесін жиі бұзатындардың саны 71 мыңға жуықтады. Олардың арасында 150 мәрте жол ережесін бұзғандар да бар. Мұндай жүргізушілерге қатаң жаза қолдану қажет», — деп мәлімдеді Әлихан Смайылов үкіметтің отырысында.
ІІМ деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында Қазақстанда барлығы 9,4 мың ЖКО тіркелген, оларда 1,5 мың адам көз жұмып, 12,4 мың адам жарақат алған.
Ербол Казистаев, корреспондент
04.10.2022, 16:25