Меню CARMA.KZ

Hyundai АҚШ-та электромобиль өндіретін зауыт құрылысын бастады

Кәсіпорын жылына 300 мың электромобиль шығарады деп болжанып отыр.

Hyundai АҚШ-та электромобиль өндіретін зауыт құрылысын бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Hyundai АҚШ-та электромобиль өндіретін зауыт құрылысын бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Hyundai АҚШ-та электромобиль шығаратын зауыт құрылысын бастағанын хабарлады. Кәсіпорын Саванна портты қаласына жақын маңдағы Брайан округінде (Джоржия штаты) орналасқан.

Зауыт 2025 жылы іске қосылып, жылына 300 мың электромобиль өндіретін болады. Кәсіпорын электрлі қозғалтқышты 5-6 модель шығармақшы. Әзірге Ionic 5 моделінің шығарылатыны ғана мәлім болып отыр, деп жазады Chosunilbo

Жаңа зауыттың құрылысына құйылатын инвестицияның жалпы көлемі 5,5 млрд долларды (2,5 трлн теңге) құрайды. Америка үкіметі Hyundai-ға салық жеңілдегі ретінде аталған соманың 30%-ын өтеп береді.

Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Hyundai-дың басқарма төрағасы Чон Юи-сун мен Джорджия штатының бірнеше ресми тұлғасы қатысты. Сондай-ақ Hyundai-дың жаңа зауытының құрылысы туралы АҚШ президенті Джо Байден пікір білдірді.

«Бұл зауыт туралы мамырда Кореяға сапарым барысында жарияланған еді. Жаңашылдыққа бағытталған жұмыстардың жоспарланған уақытынан бірнеше айға ерте басталып жатқанына қуаныштымын. Hyundai 5 млрд доллардан астам инвестиция құйып, 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға міндеттеніп отыр», — деп мәлімдеді Джо Байден.

Hyundai АҚШ-та Джорджиядағы зауытпен шектеліп қалмақ емес – оның жақын маңнан тағы бір кәсіпорын ашу жоспары бар, ал үшіншісін Алабама штатында салады. АҚШ-та осы үш зауыттағы Hyundai электромобильдері өндірісінің жалпы көлемі жылына 1 млн көлікті құрайды. Кореялық компания осылайша 2030 жылға қарай АҚШ-та 840 мың электромобиль сату мақсатына жетпекші.

Электрқозғалтқышты автомобильдер әлемде кең тарала бастады. Көлік өндірушілердің көпшілігі ішкі жану қозғалтқышты көлік шығарудан бас тартып, экологиялық таза көлік құралдарына ойысуға ниетті.

Электр қозғалтқышты көліктерді Қазақстанда да шығарады, алайда оның көлемі өте аз. Мысалы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС JAC iEV7S электрлі моделін, ал QazTechna кәсіпорны Yutong электробустарын шығарады. Индустрия және индустриалдық даму минстрлігінің деректері бойынша, жергілікті өндірушілер 125 электробус пен гибрид қозғалтқышты 17 автобус сатқан.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
28.10.2022, 12:48