Меню CARMA.KZ

Honda мен Toyota ішкі өндіріс көлемін күрт төмендетті

Honda концерні қазан айында бұған дейін жоспарланған көлемінің тек 60%-ын ғана шығармақшы.

Honda мен Toyota ішкі өндіріс көлемін күрт төмендетті / Фото: Honda
Honda мен Toyota ішкі өндіріс көлемін күрт төмендетті / Фото: Honda

Жапонның Honda компаниясы логистика мәселесіне байланысты өндірісті қысқартатындығын жариялады, деп хабарлайды Quto.ru.

Жапонияның батысындағы Судзука қаласындағы және Токионың солтүстігіндегі Сайтама префектурасындағы зауыттарында туындаған құрамдастарды жеткізудегі мәселелерге байланысты компания қазанда бұған дейін жоспарланған көлемнің тек 60%-ын шығара алады деп хабарланып отыр. Жапон көлік өндірушісі туындауы мүмкін мәселелері жайында қыркүйекте айта бастаған. Сондай-ақ оның бәсекелесі — Toyota Motor Corp. та дәл осындай мәселені бастан кешіп жатыр.

Honda-ның Судзука қаласындағы желілері өндірісті 20%-ға, ал Сайтама префектурасындағы құрастыру кәсіпорны өндіріс жоспарын 40%-ға қысқартады. Осының алдында, қыркүйекте Honda Судзука мен Сайтамадағы құрастыру көлемдерін олардың әрқайсысында 40% және 30%-ға қысқартатын хабарлаған. Десек те ол маусым айында өндірістік көрсеткіштерін әдеттегі деңгейге жеткізе алған еді. Алайда шілдеде жағдай нашарлай бастады.

Honda зауыттарындағы көлік құрамдастарының тапшылығы логистика мен жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігінен туындап отыр. Осылайша өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты қазанда Vezel кроссовері, Stepwgn шағын фургоны мен Civic автомобилінің саны кемдеу шығарылады. Осының алдында Honda-ның басты бәсекелесі — Toyota да қазан айындағы өндірістік жоспарын 100 мың көлікке қысқартқан болатын. Оның да себебі сол — көлік чиптерінің тапшылығы.

Toyota қарашаның жоспарына да түзету жасап, 50 мың көлікке азайтатындарын айтты. Биылғы жазда Honda секілді Toyota да өндірісін ұлғайтқан, бірақ микросхемалар жеткізу мәселесін толықтай шеше алған жоқ. Toyota Жапониядағы 7 зауытында 10 желінің (көлік өндірушінің 14 зауытында 28 өндірістік желі бар) жұмысын тоқтатты.

Toyota ішкі өндірісінің көлемін RAV4, Camry, Crown және GR Yaris, сондай-ақ Lexus LC, IS, RC, ES, CT, UX, NX, RX және GX модельдерінің жоспарлы санын кеміту есебінен қысқартады. Компания қыркүйек пен қараша аралығында олардың әрқайсысынан 900 мыңнан шығаруды жоспарлаған еді. Десек те күрделі мәселелерге қарамастан Toyota мен Lexus жылдың қорытындысы бойынша 9,7 млн автомобиль шығарамыз деп отыр.

Чиптерді жеткізудегі проблемалар екі жыл бұрын, коронавирус індеті кезінде басталды. Ол кезде жеткізу тізбегі бұзылып, көлік өнеркәсібінің кейінге шегерілген сұраныстары әлі күнге дейін өтелген жоқ: өйткені ол тұрмыстық техника мен гаджет өндірушілерімен бәсекеге түсуге мәжбүр. 2022 жылдың басында чиптердің тапшылығы Украинадағы жағдайға байланысты әлемнің әртүрлі елдеріндегі құрамдас өндірушілердің кәсіпорындарына енгізілген шектеу шараларына байланысты ушыға түсті.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
07.10.2022, 14:08