Еуропалықтар қытай автомобильдерінің қауіпсіздігін тексерді
Көліктер ең қауіпсіз еуропалық автомобильдеріне сай келетін жақсы нәтижелер көрсетті.
Euro NCAP мамандары қытайлық BYD Yuan Plus, Ora Cat және Wey Coffee 01 көліктерінің қауіпсіздігін тексерді. Көліктер тамаша нәтижелер көрсетті. Дегенмен «Қытай автомобильдері» порталы еуропа нарығы мен қытай нарығына арнап құрастырылған көліктерде айырмашылық болуы мүмкін екенін айтады.
BYD Yuan Plus-тың краш-сынағы
Жүргізуші мен жолаушылар (оның ішінде балалар) ығыспалы қарсы соққы кезінде, сол сияқты бүйірден соққан кезде де барынша қорғалған. Қараңғы түскен сәтте тірі нысандарды тани алмайтын көптеген еуропалық, америкалық және азия автомобильдерінен айырмашылығы сол, BYD-тың жедел тежеу жүйесі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге тек күндіз ғана емес, түнде де адекватты әрекет етеді. Тек артқа жүріс кезіндегі жедел тежеу қызметіне ғана сарапшылардың шағымы бар.
Нәтижесінде, BYD YuanPlus краш-сынақта ең жоғары бағаға ие болды.
Ora Cat-тың краш-сынағы
Ora Cat электрлі хэтчбегінің түрлі дисциплиналарда көрсеткіші жақсы болды. Фронтальді соққыны ұстай білуі керемет емес, бірақ бүйірлік соққы жасағанда бәрі тамаша: автомобиль жүргізуші мен жолаушының бастан соққы алмауы үшін алдыңғы отырғыштардың арасында қауіпсіздік жастығымен жабдықталған. Тіпті қазіргі заманғы талаппен қарағанда балалардың қорғанысы да жаман емес: қарсы соққы кезінде он жастағы бала манекенінің басы, мойны мен кеудесіне зақым келген жоқ, ал алты жастағы баланың бастан жарақат алу орташа қауіп бар. Бүйірден соққы кезінде балалар үшін жарақат алу қаупі өте төмен.
Тек артқа жүріс кезінде жеде тежеуде ғана кемшіліктер анықталды. Дегенмен жүйе бұрынғысынша алға жүріс кезінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге шапшаң әрекет етеді.
Wey Coffee 01-дің краш-сынағы
Wey Coffee 01 орта санаттағы гибрид кроссовер де тамаша қорғайды. Ығыспалы қарсы соққы кезінде жүргізушінің кеудесі мен тізесі зардап шеккен жоқ. Ал жылжымайтын қатты кедергімен соғылған кезде жүргізуші кеудесінен жарақат алу қаупі төмен. Тіпті артқы отырғыштағы тапал бойлы әйелді бейнелейтін манекеннің өзі зардап шеккен жоқ.
Алдыңғы орындықтардың ортасына орнатылған қауіпсіздік жастықтарының арқасында автомобиль бүйірлік соққы кезінде тамаша нәтиже көрсетті. Бұл тұрғыда Wey Coffee 01 еуропалық машиналардан да сенімдірек болып шықты.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
14.10.2022, 21:36