Меню CARMA.KZ

Дубайда ұшатын автомобиль көрсетілді

Көлікті әзірлеген электромобиль шығарушы қытайлық компания.

Дубайда ұшатын автомобиль көрсетілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Дубайда ұшатын автомобиль көрсетілді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Xpeng компаниясы Дубайда өткен Gitex Global 2022 көрмесінде ұшатын электрлі көлікті дүйім жұртқа таныстырды. Пилотсыз ұшатын көлік XPeng X2 деп аталады және екі орындық етіп жасалған.

Электромобильдің басты ерекшелігі — тік және көлденең ұшатын қабілеті. Сондай-ақ, құрылғы автопилот, радиолокациялық анықтау және автоматты қауіпсіздік парашютімен жабдықталған. Оның корпусы көміртекті талшықтан жасалған.

Xpeng X2-дің тұсаукесері биыл Шанхай автосалонында өтті. Сипаттамаларына келсек, ұзындығы шамамен 5 м, ені 4,78 м және биіктігі 1,36 м. Автомобильдің салмағы 560 кг, ал рұқсат етілген ұшу салмағы 760 кг (+200 кг пайдалы жүктеме). XPeng X2 1000 метрге дейін қалықтап ұша алады. Аккумулятор батареясының толық қуатымен 130 км/сағ жылдамдықпен 35 минутқа дейін ұшуға болады.

Xpeng компаниясы ұшатын көлікті 2024 жылдан бастап жеткізуді жоспарлап отыр. Ал бағасы әзірше белгісіз.

Жансая Нурбекова

Жансая Нурбекова, корреспондент
13.10.2022, 15:08