«АвтоВАЗ» LADA Granta-ны қауіпсіздік жастығынсыз шығаруды тоқтатты
Бағалар тізімінен Classic'22 алынып, орнына Classic'22 Advance енді.
«АвтоВАЗ» қауіпсіздік жастықтары қарастырылмаған LADA Granta көліктерін шығару мен сатуды тоқтатты. Бағалар тізімінен Classic'22-ні алып тастап, оның орнын Classic'22 Advance жиынтығымен алмастырды. Седанның құны шамамен 750 мың рубль (5,7 млн теңге), лифтбек 770 мың рубль (шамамен 5,9 млн теңге), кросс-универсал 819 мың рубль (шамамен 6,3 млн теңге) тұрады.
Classic'22 Advance-тың Classic'22-ден айырмашылығы сол — қауіпсіздік жастығымен қоса, «ЭРА-ГЛОНАСС» модулі бар. Сонымен қатар жаңа нұсқаның алдыңғы отырғыштарында жылытқыш және USB, SD карталары мен Bluetooth қолдайтын аудио жүйе қарастырылған, деп жазады «Автостат».
Ал 2023 жылы LADA Granta ABS және ESP бүйірлік тұрақтылық жүйелерімен шығарыла бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың маусымында «АвтоВАЗ» жұмыс орындарын сақтап және зауыттарды қаңтарып қоймас үшін, LADA көліктерін қауіпсіздік жастығынсыз шығаруға шешім қабылдады. Бұл Ресей үкіметінің автомобиль өндірушілеріне қауіпсіздік талаптары төмен деңгейдегі көліктерді шығаруға рұқсат бергеннен кейін мүмкін болды. Атап айтсақ, көліктер ABS жүйесі, жедел көмек шақыру құрылғылары мен қауіпсіздік жастығынсыз шығарылды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
11.10.2022, 10:01