«СемАЗ» «Самұрық-Қазына» қорына жүк көліктерін жеткізеді
Тиісті келісімге Семей қаласында «СемАЗ» және «Самұрық-Қазына» өкілдері қол қойды.
Импортты алмастыру бағдарламасы аясында, «Самұрық-Қазына» Семей көлік жасау зауытымен («СемАЗ») қор компаниялары үшін өнім жеткізу туралы келісімге қол қойды.
Жақын арада «СемАЗ» бен «Самұрық-Қазына» арасында сұранысқа ие, бірақ еліміздің аумағында өндірілмейтін тауарларды жеткізу туралы ұзақ мерзімді офтейк-келісімшартқа қол қою жоспарланып жатыр, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі.
««Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС Қазақстанда іске қосылған импортты алмастыру бағдарламасы аясында шетелдік компаниялардан сатып алынатын бөлшектерді алмастыруға арналған өнімдерімізді келісімшарттық дайындауға қол жеткізуге көмектеседі. Жоба бойынша жұмыс басталып кетті, біз келісімге қол қойдық, енді келісімшарттарды ресімдеп, жеткізу басталады», — деп мәлімдеді «Семей машина жасау зауыты» АҚ директоры Марат Аленов.
CARMA.KZ редакциясына «СемАЗ» баспасөз қызметі офтейк-келісімшартқа, сондай-ақ тауарлар тізіміне 2022 жылдың қазанында қол қойылатынын хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, зауыт Қор компанияларына жүкті өздігімен түсіретін көліктер жеткізеді.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына Келісімшарт» баспасөз қызметі CARMA.KZ редакциясына, қазір Қор Семей зауыты өндіре алатын және қоржынындағы компанияларға қажетті тауарлар пулын пысықтап жатқанын айтты. Жеткізу уақыты мен олардың көлемі әлі де талқыланып жатыр деп түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, Семей машина жасау зауыты «Вираж» компаниялар тобына кіреді. 2022 жылдың жазында кәсіпорын DongFeng-тің 7 және 10 тонналық BWC3140GLV және BWC3180GLV модель түрлерін шығара бастады. Ай сайын 50-60 бірлікке жүк көлігін шығару жоспарланған. «СемАЗ»-дың бағалауы бойынша, осы үлгідегі көліктерге қазақстандық нарықтың қажеттілігі 2 мың дананы құрайды.
Сондай-ақ, «СемАЗ» «Газель» өндірісімен де айналысады. 2022 жылдың көктемінде зауыт «Жасыл Даму» АҚ утильдік алымды қайтармағаны үшін, GAZ маркалы көліктерін шығаруды тоқтатты. Кейінірек компания «Газель» өндірісін қайта бастағанын хабарлады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, кәсіпорын 4 262 GAZ автокөлігін шығарады деп болжанып отыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
16.09.2022, 13:43