Қазақстанда жол құрылысындағы құжаттар мен стандарттардың санын қысқартады
Бүгінгі таңда жол-құрылысы саласында 1,2 мыңдай стандарт пен регламент бар.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол саласындағы құрылыс нормалары, стандарттар мен нормативтік-техникалық құжаттардың санын 1,2 мыңнан 50-70-ке дейін қысқартпақшы. Ведомстводағылар мұны салалық ережелермен жұмыс істеуді жеңілдету және уақытты қысқарту, сондай-ақ жолдарды жобалау мен салудың сапасын жақсарту үшін жасағалы отырғанын айтты.
«Салалық құжаттардың шамадан тыс көптігі және ретсіздігі олардың қайсысы маңызды екенін айқындауды қиынтады. Оған қоса әртүрлі мағынада түсіну, қарама-қайшы талаптар, бірін-бірін қайталайтын және ескірген нормативтер жағдайды күрделендіріп, жобалау мен салуда қателіктерге ұрындырады», – деп хабарлады ИИДМ.
Ведомствода мұны ұлттық стандарттарды, оның ішінде жол саласы стандарттарын әзірлеуге кез келген жеке және заңды тұлғаның қатысуына рұқсат ететін тендер өткізудің қазіргі тәжірибесінен туындаған «хаос» деп атады. Осының салдарынан нормативтік құжаттар сапасы мен шынайылығын жоғалтып, жол мекемелеріне қажет болудан қалады.
Қазір жол құрылысында 114 құрылыс нормативі (ҚР ҚН, ҚР ҚЕ), 303 ұлттық стандарт, 527 мемлекетаралық стандарт (МемСТ), 17 ведомстволық құрылыс нормасы, 200 ведомстволық нормативтік-техникалық құжат пен 56 бағажасау және смета жөніндегі жинақ бар.
Сондықтан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына нормативтік базаны қалыптастырудың тәсілдерін ауыстыруды тапсырды. Ұлттық стандарттар ғылыми-зертханалық зерттеулерге, сондай-ақ сынақ учаскелері мен пилоттық жобаларды ұзақ уақыт мониторингілеу нәтижесін негізге алуы тиіс.
Жаңа ережелерде стандарттар мен нормативтік-техникалық құжаттардың қайсысы басымдықта екенін ажыратып көрсетіп, сондай-ақ жаңа технологиялар пайда болатындығын ескеріп жедел өзектілендіру механизі қарастырылуы қажет, деп атап өтті министрліктегілер.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
07.09.2022, 14:39