Қазақстанда қандай автомобильдерге «сән-салтанат салығы» салынбақ
Ұлттық экономика министрлігі «сән-салтанат салығы» орта тапқа әсер етпейді деп сендірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алған кезде салынады және орта тапқа әсер етпеуі тиіс.
Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Елнар Қазбеков «сән-салтанат салығын» қолдануға мысал ретінде, 100 мың доллардан (47 млн теңгеден астам) қымбат автомобильдер байлықтың көрсеткіші деп қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, министрлік 2 немесе одан да көп автокөлігі бар жеке немесе заңды тұлғаларға «сән-салтанат салығы» салынатын нұсқаны қарастырады.
«Бұл жерде қосарланған салық салынбайды. Тек қана салық көлемі артады. Алдымен жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен төлеп, содан кейін «сән-салтанат салығын» төлеу деген болмайды», — деді Елнар Қазбеков «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында.
Енді Ұлттық экономика министрлігі қарапайым қазақстандық үшін қымбат саудаға не жататынын және «сән-салтанат» салығы жайлы егжей-тегжейлі анықтауы тиіс. Ведомство бизнес-қоғамдастықпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен тиісті талқылаулар өткізуді жоспарлап отыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
08.09.2022, 08:34