Қазақстанда машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді
Үкімет ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов отандық машина жасау саласы еліміздің тұрақты экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, индустрияландыру жылдарында сала 6 есеге артып, 2021 жылы 2,3 трлн теңгені құрады. Соңғы 3 жыл ішінде сала орта есеппен 20%-ға өсті.
Үкімет басшысы машина жасау өнімдерін импорттау және шетелдік компанияларды Қазақстанға көшіруге қатысты да тоқталып өтті.
«Бізде бүгінде экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым. Бұл жағдай керісінше болуы керек. Мәселені шешу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары бағдарламалық құжатын әзірлеу және қабылдау туралы ойланатын кез келді. Себебі ұзақ мерзімді тәсілдер ғана осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Машина жасаушылар одағының мәліметінше, 2021 жылы еліміздің экономикасындағы отандық машина жасау саласының үлесі 2,8-ге дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш 2010 жылы небәрі 1,5% болған.
Сонымен бірге, 2010-2021 жылдар аралығында машина жасауға 2,5 млрд доллардан астам (1,2 трлн теңге) шетелдік инвестиция тартылды.
Жансая Нурбекова, корреспондент
22.09.2022, 15:08