Қазақстанда ескі көліктер саны азайып келеді
7 жыл ішінде 10 жылдан асқан көліктер саны 500 мыңға қысқарған.
Қазақстанның АвтоБизнес қауымдастығының (ҚАБҚ) мәліметінше, елімізде 10 жылдан асқан 2,4 млн көлік құралы бар. Олар елдегі көлік паркінің 63,4%-ын құрайды.
Жеті жыл ішінде осындай көліктердің саны жарты миллионға қысқарды. 2015 жылы ескі көліктердің саны 2,9 млн-ды құраған. Сол жылдары олардың көлік паркіндегі үлесі 72,5% болды.
Сонымен қатар, ҚАБҚ жаңа көліктердің (3 жылдан аспаған) артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы олар 326,1 мың (8,2%) бірлік болса, қазір 516,8 мыңды (13,6%) құрайды.
«Мұндай жаңарту жеңілдетілген автонесиелеу, коммерциялық техниканы жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасын енгізудің арқасында орын алды. Сондай-ақ, бізде пайдаланудан шыққан ескі көліктерді сатып алып, оның орнына жаңа автокөлікке ақшалай өтемақылар мен жеңілдік сертификаттарын беру түріндегі бағдарлама іске қосылды», — деп мәлімдеді ҚАБҚ менеджері Әнуар Шүкімов.
ҚАБҚ 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің автомобиль паркі біршама ескіреді деп болжам жасап отыр. Оған екі себеп бар. Біріншісі, шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру, ал екіншісі жеке тұлғалардың Ресейге жаңа көліктерді саудалауы.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.09.2022, 10:35