Қазақстанда электромобильдерге арналған инфрақұрылымы қалай дамып жатыр
ИИДМ-ның мәліметінше, елімізде 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін пилоттық жоба аясында 107 қуаттау станциясы салынды.
CARMA.KZ редакциясының сауалына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былай деп жауап берді: электромобильдер өндірісін дамыту және қажетті инфрақұрылым құру пилоттық жобасы аясында, Қазақстанда электромобильдерге арналған 107 қуаттау станциясы салынды (Нұр-Сұлтанда — 51, Алматыда — 53, Павлодар, Ақтау және Нұр-Сұлтан — Щучье тас жолында — 1). Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда «Tesla Supercharger» электромобильдеріне арналған 6 ультражылдам қуаттау станциясы бар. Салалық ведомстводағылар елдегі электромобильдерді қуаттауға арналған станциялар мен бағана саны туралы бұл нақты және толық ақпарат емес екенін мойындады.
«Одан бөлек, басқа жеке тұлғалар орнатқан бірнеше қуаттау станциясы бар. Сондай-ақ, көліктерді әдеттегі розеткамен қуаттауға да болады», — деді ИИДМ.
Алайда CARMA.KZ редакциясы министрліктен электрлі қуаттау инфрақұрылымы бойынша нақты жалпы мәліметтерді сұратқанымен, ол туралы ақпаратты ұсынған жоқ.
Электромобильдер өндірісін дамытудың және қажетті инфрақұрылым құрудың пилоттық жобасы 2017 жылдың тамыз айында әзірленіп, жол картасы да сол жылы бекітілген.
2018 жылдың ақпан айында пилоттық жобаны дамыту үшін «ЭҚС Операторы» ЖШС құрылды. Мекемедегілер халықаралық тәжірибелерді саралай келе электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының желісін Қытай үлгісі бойынша дамыту туралы шешім қабылдады.
Пилоттық жобаның техникалық мәселесіне келсек, электрмен қуаттау станциялары көпшілікке қол жетімді жерлерде орналасып, көліктерді 1-3 сағат ішінде 22 кВт-қа дейінгі айнымалы тоқпен қуаттауы тиіс. Сонымен қатар, олар IEC 62196-2 және IEC 61851-1 халықаралық стандарттарға сәйкес келуі керек. Бұл дегеніміз, әлемдегі барлық электромобильдерді 1-ден 4 сағат ішінде қуаттай алуы тиіс. Яғни бір станцияда бір уақытта 4 бірдей көлікті қуаттауға мүмкіндік бар.
Статистикада еліміздегі инфрақұрылым бойынша нақты мәліметтермен қатар, гибридті қозғалтқыштары бар электромобильдер мен көліктердің саны туралы да нақты ақпарат жоқ.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда электр қозғалтқышты 665 көлік құралы бар делінеді. Оның 518-і — жеңіл көлік, 140-ы — жүк көлігі және 7-еуі — автобус. Алайда басқа ведомствоның мәліметінше, соңғы екі жылдың ішінде елімізге 572 электрлі көлік әкелінген.
«Қазақстан 2021 жылы — 297, ал 2022 жылы 275 электромобиль экспорттады. Негізгі жеткізуші елдер: АҚШ, Германия, Қытай, Корея Республикасы, Ресей (Ресейден жеткізілетің көліктің едәуір бөлігі — Жапониядан реэкспорт болып табылады)», — делінген ИИДМ-ның CARMA.KZ редакциясының сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар, Қазақстанда аз мөлшерде болсын электр қозғалтқышты көліктер құрастырады. Мысалы, «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС JAC iEV7S моделінің электромобильдерін шығарады. «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС болашақта Hyundai IONIQ өндірісін қолға алуды жоспарласа, ал QazTechna Yutong электробустарын шығарады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жергілікті өндірушілер 125 электробус пен гибридті қозғалтқышы бар 17 автобус сатқан.
Ербол Казистаев, корреспондент
07.09.2022, 13:11