Land Rover Defender Trophy-дың санаулы сериясын шығарады
Британдық өндіруші жол талғамайтын үш есікті көліктің 250-ін шығармақшы. Сатып алғандар Classic Land Rover Trophy Competition-2023 сайысына жолдама ұтысына қатысады.
Британдық Land Rover бренді Жер шарының түкпір-түкпірінде осы маркадағы көліктің қатысуымен өткен Camel Trophy халықаралық жарысына естелік ретінде санаулы серияда шығарғалы отыр, деп хабарлайды motor.ru сайты.
Мұны британық марканың Солтүстік Америкадағы бөлімшесі бастама етті. Үш есікті 250 дана жол талғамайтын Land Rover Defender Trophy Edition көлігі АҚШ пен Канадада ғана сатылатын болады. Өндірушілер осылайша жаңа көлік иелерін арнайы ұйымдастырылатын жарысқа қатысуға мүмкіндік бергелі отыр. Биыл оны сатып алғандар көліктерін Defender Trophy Competition бір күндік шарасында сынап көре алады. Ал жеңіске жеткен экипаж келер жылы Ұлыбританияда өтетін Classic Land Rover Trophy Competition сайысына барады.
Әйтсе де барлығы бірдей су жаңа Defender Trophy-ды шым-шытырыққа толы ралли жолына салуға келісе қояры екіталай. Бұл серия P400 X-Dynamic SE жиынтығындағы автомобильдің негізінде жасалған. Ол 400 ат күшіне тең 3 литрлік бензинді мотормен жұмыс істейді. Қозғалтқышы 8-сатылы ZF автоматты беріліс қорабымен және толық жетекпен үйлестірілген.
Defender Trophy-дың базалық жиынтығында пневматикалық аспа, жол талғамайтын және климаттық пакеттер қарастырылған. Ал диагоналі 11,4 дюйм болатын сенсор дисплейі бар Pivi Pro мультимедиалық жүйесін тек қосымша ақыға орнатуға болады. Бұл серияның ерекшеліктерін айтар болсақ, бамперге қосымша қорғағыш, төбесінде жиналмалы сатысы бар экспедициялық жүк салғыш қарастырылған. Шығырға арналған орын қажет болса оған қосымша төлеу қажет. Базалық кешенге кіріктірілген ауа компрессоры да кіреді.
Сырттай Defender Trophy Edition қошқыл-сары түсімен ерекшеленеді. Сатып алушыларға бонус ретінде Солтүстік Каролина штатындағы Билтмор елдімекенінде 11 қазан күні өтетін Trophy Competition жарысына қатысуды ұсынып отыр. Жарысқа екі адамнан құралған 90 команда қатыса алады. Жеңімпаздар 2023 жылы Ұлыбританияның Истнор қамалында өтетін Land Rover Trophy Competition сайысына шақырту алады.
Егор Васильев, корреспондент
02.09.2022, 12:01