ІІМ Қазақстанда қанша автокөлік заңдастыруға жататынын білмейді
Ведомстводағылар заңдастыру шарасы 2023 жылы басталатынын атап өтті.
Қазір елімізде шетелдік нөмірлі 300 мыңнан артық көлік бар. Олардың барлығы дерлік Еуразиялық одақ елдерінен әкеленген. Алайда көліктердің қаншасы заңдастыруға жататыны белгісіз. Дегенмен ІІМ 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік нөмірлі көліктердің тізімін жасап та қойды.
«Биылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік мемлекеттік нөмірлі қанша көлік заңдастырудан өте алмайтыны, сондай-ақ олардың қаншасы басқа елдерде іздеуде жүргені туралы мәліметтер әзірге жоқ. Тиісті ақпарат заңдастыру барысына қарай тексерілетін болады», — деп хабарлады ІІМ CARMA.KZ редакциясының сауалына.
Бұған дейін ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, көліктерді заңдастыру 2 кезеңнен тұратынын айтты. Алдымен заңнамаға қажетті түзетулер енгізілуі тиіс. Қаржы және экология министрліктері Салық және Экология кодекстеріне өзгерістер енгізеді.
CARMA.KZ редакциясының сауалына, ІІМ кодекстердегі түзетулер 2023 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетінін, одан кейін заңдастырудың басталатынын нақтылады.
Екінші кезең аясында заңдастыру жүреді. Ішкі істер министрлігіндегілер заңдастыру шаралары барынша оңай жүргізілетінін айтады. Өтінімді қашықтан беріп, автомобиль қылмыстық және кедендік есептер бойынша тексеруден өтетін болады.
«Егер автомобиль тексеруден сәтті өтсе — оның иесі Халыққа қызмет көрсететін арнайы орталыққа келіп, құжатын тіркеуге тапсырады. Сонымен қатар азаматтар арнайы ХҚС-қа келіп, сол жерде-ақ барлық қажетті тексеруден өте алады», — деді ОКҚ брифингінде Марат Ахметжанов.
ІІМ-де онлайн өтінім берумен қатар полицияның байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылатынын айтты.
Көліктерді сәтті заңдастырғаннан кейін, тіркелген автомобильдерге әдеттегі ақ нөмірлер беріледі. Ал полиция одан кейін ешқандай шектеулер қоймайды.
Айта кетейік, «криминалдық» және кедендік рәсімдеуден өтпеген көліктер заңдастыруға жатпайды. Шыққан жылы және экологиялық санат бойынша талаптар болмайды. Қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып, өзге де талаптар бойынша шешімдер жатыр.
ІІМ полиция шетелдік көліктер бойынша арнайы рейдтік іс-шаралар өткізбейді деп сендіреді.
Ербол Казистаев, корреспондент
28.09.2022, 13:39