АвтоВАЗ E-Largus-ты үш жылға жеткізбей шығара бастамақшы
Lada Largus электрокары ішкі жану қозғалтқышымен істейтін түпүлгісінен 20-30%-ға қымбатырақ болады.
АвтоВАЗ Lada Largus автомобилінің электрлік нұсқасын үш жылға жеткізбей өндіре бастамақшы, деп хабарлайды ТАСС компания президенті Максим Соколовқа сілтеме жасап.
«Жетекші автокоцерндер жаңа автомобильді, алдын ала дайындалып, кемінде үш-төрт жылда шығарады, біз алдымызға одан да биік мақсат қойып отырмыз: Largus-тың механикасы, шассиі, шанағы өзімізден шығарылып жатқандықтан, бізге көп уақыт қажет емес», — деді Соколов Шығыс экономикалық форумы аясында агенттікке берген сұхбатында.
Компания басшысының айтуынша, E-Largus-тың алғашқы түпүлгісін АвтоВАЗ — 2022-2023 жылдары, ал тәжірибелік партиясын 2023 жылы ұсынуды жоспарлап отыр. Ал оның сериялық өндірісі нарықтағы сатып алушылардың жаңа модельге деген қызығушылығына байланысты болмақ. Оның айтуынша, серияларымен шығару тәжірибелік партия шыққан соң айқын болмақ.
«Теориялық тұрғыдан E-Largus ІЖҚ нұсқасынан 20-30%-ға қымбат болады деп айтуға болады. Бұл бүгінгі таңдағы әлемдік көлік өнеркәсібіндегі базалық қағидат», — деп атап өтті Соколов.
Бұған дейін Ресейде LADA Largus фургонының электрлі модификациясының сериялық өндірісі 2024 жылдан ерте басталмайтыны хабарланды. Электрлі LADA Largus-ты осы модельдің классикалық базасында жасайтын болады. Өндіруші оны Тольяттиге ауыстырылған Lada Vesta моделінің Ижевтегі орнында өндірмекші.
E-Largus қозғалтқышы артқы орындықтар мен капот астындағы кеңістікке орналастырылған тартым аккумуляторларынан қуат алатын болады. Қазір жүк тиелген фургонға максималды қуат беріп тұратын мұндай аккумуляторды жеткізуші іздестіріліп жатыр. Сонымен қатар шанаққа мейлінше зақым келтірмес үшін электрлі фургонға аспалы батареялар қолданылатын болады.
Ижевтегі кәсіпорын жылына 220 мың автомобиль шығара алады. Зауыт 2015 жылдың қыркүйегінен бері LADA Vesta, LADA Vesta SW универсалы мен олардың LADA Vesta Cross және LADA Vesta SW Cross кросс-нұсқаларын шығарып келді. Кәсіпорында 2022 жылдың ақпанынан жаңартылған LADA Vesta шығарыла бастады. Қазір мұнда басқа өндіріс түрлерімен айналысатын ресейлік компанияларды тарта отырып «ЛАДА Ижев» индустриалдық паркін құру жоспары бар.
Егор Васильев, корреспондент
08.09.2022, 12:15