Меню CARMA.KZ

Aurus Komendant жол талғамайтын көлігін қыркүйектің соңында таныстырады

Ресейлік жаңа көліктің сипаттамасы Aurus Senat брондалған лимузиніне ұқсас.

Aurus Komendant жол талғамайтын көлігін қыркүйектің соңында таныстырады / Фото: mag.auto.ru
Aurus Komendant жол талғамайтын көлігін қыркүйектің соңында таныстырады / Фото: mag.auto.ru

Ресейлік жаңа Aurus Komendant жол талғамайтын көлігінің тұсаукесері қыркүйек айының соңында Мәскеуде өтеді, деп хабарлайды «РИА Новости» агенттігі РФ вице-премьері әрі өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровқа сілтеме жасай отырып. 

«Сіздерге осы айдың соңында жол талғамайтын көлікті таныстырамыз», — деді Мантуров сейсенбіде Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде. — Aurus Komendant-ның тұсаукесері 29 қыркүйекте Мәскеуде Халық шаруашылығы көрмесінде өтеді», — деді ол кейінірек.

Ресейлік агенттіктің айтуынша, Aurus — бұл алғашқы ресейлік «люкс» санатына жататын автомобиль бренді. Оның лимузин, седан, минивэн және жол талғамайтын түрлері бар. Мемлекет бұл жобаға 12,4 млрд рубль (қазіргі бағам бойынша 93 млрд теңгеден астам) қаржы құйды. Компанияның акционерлері — «ҒАМИ» ФМУК (63,5%), БАӘ қорғаныс, қауіпсіздік және даму қоры. Aurus автомобильдері Елабугадағы (Татарстан) зауытта шығарылады.

Осы жылдың шілде айында Татарстандағы зауытта Komendant моделін сериялық өндіріске шығаруға дайындық басталды деген ақпарат жарияланды. Сондай-ақ, Aurus брендінің өкілдері компанияның Ресейге импортқа тыйым салынған құрамдастар мен материалдардың балама жеткізушілерін тапқандарын хабарлады. Осыған байланысты зауыт жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр және «Коменданттарды» осы жылы шығара бастауы тиіс. Сонымен қатар, қаңтарда Росстандарт сайтында Aurus Komendant жол талғамайтын көлігіне арналған көлік құралы типінің мақұлдамасы (КҚТМ) жарияланды.

Осы құжатқа сәйкес, жол талғамайтын көліктің өлшемдері — 5380×2004×1820 мм, доңғалақ базасы— 3100 мм, алдыңғы және артқы доңғалақтың жолтабаны — 1700 мм, жолға түсетін жарық — 200 мм. Көлемі бойынша ол базасы қысқа Cadillac Escalade-қа ұқсас болады. Шанағы бронды орнатуға дайындалған, оның салмағы 3235 кг, ал толық салмағы 3495 кг құрайды. Салон тек төрт адамдық, артында екі бөлек VIP орын бар.

Сонымен қатар, Komendant техникалық жағынан Senat седанымен біріктірілген, ол өткен жылдың қазан айында нарыққа шықты. Автомобиль 598 ат күші бар 4.4 V8 екі турбомотормен жұмыс істейді. Одан бөлек, 38-күштік электрлі қозғалтқыш бар және тек толық жетекті болып келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Komendant жол талғамайтын көлігінің құны шамамен 22-25 млн рубльді (170 млн теңгеден 193,6 млн теңгеге дейін) құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Мәскеуде Aurus автосалоны ашылды. Онда Senat лимузинінің базалық моделін — 24 млн рубльге (185,8 млн теңге), ал брондалған моделін 73 млн рубльге (565 млн теңге, әдеттегі нұсқа) және 106 млн рубльге (821 млн теңге, ұзартылған база) сатып алуға болатын. Ресейлік лимузиннің брондалған VR10 нұсқасында жоғары деңгейлі қорғаныс қарастырылған. Оның шанағы мен терезелері болат оқты атыс қаруына төтеп бере алады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
07.09.2022, 16:05