Атырауда дилер ақауы бар Nissan-ның ақшасын сатып алушысына қайтарып берді
Көлік иесі үш жылға жуық уақыт бойы ақшаны қайтаруға немесе кепілдік мерзімін пайдалануға әрекеттенген.
Атырау тұрғыны Eurasia Motor Atyrau-дан 11,4 млн теңгеге Nissan X-TRAIL автокөлігін сатып алған. Көлікті пайдаланған жарты жылда ол оның біраз ақауын анықтаған. Алайда сатушы оның шағымына құлақ аспай қояды.
Атырау тұрғыны автокөлікті сатып алған сәттен бастап үш жылға жуық уақыт ішінде ақауларды жою үшін сатушыға алты рет жүгінген.
«Автомобильге кепілдік мерзімі аяқталып қалғандықтан, тұтынушы көліктің кемшіліктерін жөндеу үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болатынын ойлап, сапасыз автокөлікті қайтарып, шартты бұза отырып 11 408 000 ақша қаражатын қайтаруды өтінген. Алайда бұл нәтиже бермеген», — деп хабарлайды Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті.
Атырау облысы тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаментінің басшысы Әлем Уәлиевтің айтуынша, мекеме ұйғарым жолдап, Eurasia Motor Atyrau-ға қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындап, сондай-ақ тұтынушының атынан сотқа қатысуды қамтамасыз еткен.
«Лайықсыз сападағы автомобильді қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі бұзушылықты жою, келісімшартты бұзып және 11 408 000 теңге ақшалай қаражатты қайтару туралы ұйғарым берілді», — деп мәлімдеді Әлем Уәлиев.
Компанияға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалған.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
14.09.2022, 16:56