Қытайлықтар Ресейде WEY V72 ретромоделін патенттеп алды
Great Wall-дың қытайлық кроссоверінің сыртқы көрінісі соғыстан кейінгі «Победа» (ГАЗ М-20) мен соғысқа дейінгі КИМ-10-50 азлитражды көлігін еске салады.
Қытайлық Great Wall автоконцерні Ресейде V72 концептуалдық кроссоверінің сыртқы пішініне патент рәсімдеді. Автомобильдің суреті РФ Федералдық өнеркәсіп меншігі институтының ашық базасында пайда болды.
Autonews.ru порталының хабарлауынша, бұл модельдің сериялық нұсқасы WEY қымбат брендімен сатылмақшы. WEY V72 кроссоверінің басты ерекшелігі — оның өткен ғасырдағы 30-40 жылдардың, сонымен қатар соғыстан кейінгі уақыттың машиналарына ұқсаған ретростилінде. Автомобильдің суретінен томпақ қанаттарына жайылып жатқан үлкен радиатор торын байқауға болады және дөңгелек негізгі шамдары соған орнатылған. Мұндай шешімдерді КСРО-да 1940 жылы шыққан КИМ-10-50-ге негіз болған Ford Prefect-тен табуға болады. Айтпақшы КИМ-10-50 кеңестік алғашқы сериялық азлитражды автомобиль болып есептеледі.
Дегенмен қытайлық кроссовер Кеңес Одағында «Победа» деген атаумен шығарылған орта санаттағы ГАЗ М-20 жеңіл автомобиліне аздап ұқсайды. Бұл автомобиль 1946-1958 жылдары Горький автомобиль зауытында көптеп шығарылды.
Бірақ кеңестік көліктен қытайлық ретромашинаның айырмашылығы – онда панорамалық төбе мен үлкен ауыр аркалары бар. Патенттегі суреттерден көре алмасақ та қытайлық кроссовердің салоны да басқаша болатыны анық.
Дегенмен 2021 жылы Чэнду автосалонында таныстырылған бұл модельдің прототипі бірден үш дисплеймен, смартфонға арналған сымсыз қуаттағышпен, үш дөңгелек шанағымен, дөңгелек үрлеу дефлекторларымен, сондай-ақ өзгеше жарықпен жабдықталды. Сондықтан WEY V72-нің ішкі көрінісі де «кеңестік» көлікке еш ұқсай қоймас. Өндіруші жаңа кроссовердің жалпы техникалық сипаттамаларын құпия ұстап отыр. Бірақ Autonews.ru порталының жазуынша, ол 214 ақ күші бар 2-литрлік бензинді турбомотормен жабдықталған осы брендтің Mocha моделінің негізгі тораптары мен агрегаттарын еншілейтін сияқты.
Қытайлық WEY брендінің әлемдік тұсаукесері 2016 жылы өтті, содан бері Great Wall-дағылар WEY брендін ресейлік нарыққа шығаратындығын бірнеше рет мәлімдегенімен, нақты мерзімі атамай, 2025 жылдан кешікпейді деді.
Great Wall — автомобиль шығаратын төрт кәсіпорын мен автомобиль бөлшектерін шығаратын 20 еншілес ұйымның басын қосып отырған ірі қытайлық жеке автокөлік өндірушісі. Great Wall 1998 жылдан бері Қытайда жүк көліктерінің саудасы бойынша бірінші орында тұр, ал енді ретрокроссоверлер шығаруда бағын сынап көрмекші.
Егор Васильев, корреспондент
12.08.2022, 13:01