Меню CARMA.KZ

Қазақстанда шетелдіктер дизель отынын 450 теңгеден сатып алатын болады

Энергетика министрлігі дизель отынына дифференциалды тариф әзірлеп қойды.

Қазақстанда шетелдіктер дизель отынын 450 теңгеден сатып алатын болады / Фото: ru.sputnik.kz
Қазақстанда шетелдіктер дизель отынын 450 теңгеден сатып алатын болады / Фото: ru.sputnik.kz

Энергетика министрлігі Қазақстанда дизель отына дифференциалды тарих енгізбекші. Қазақстандық жүргізу куәлігі болған жағдайда жеңіл автомобильдер үшін лимит тәулігіне 100 литрді құрайды. Осынша отын көлемін қазақстандықтар энергетика министрлігі 2022 жылғы шілдеде белгілеген бағамен, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында — 260 теңгеден, Қазақстанның өзге қалаларында 230 теңгеден сатып ала алады.

«Күніне 100 литр, негізі, біздің ойымызша, әбден жетеді. Бұл қазіргі автомобильдердің бактарынан да көп. Яғни ол тәулігіне осынша жарата алады. Егер одан көбірек сатып алғысы келсе, басқа баға бойынша алатын шығар», — деп мәлімдеді энергетика министрі Болат Ақшолақов ОКҚ-де өткен баспасөз жиынында.

Жүк көліктеріне келер болсақ, олардың тәуліктік лимиті 300 литрді құрайды. Осынша көлемді алу үшін тұтынушы отандық жүргізуші куәлігі мен автокөліктің Қазақстанда тіркелгендігін растайтын техниканың төлқұжатын көрсетуі қажет.

«Аталған топқа жатпайтын тұлғалардың барлығы, жанармай құю бекеттерінде 450 теңге бағамен сатып алады», — деп мәлім етті министр.

Ол энергетика министрлігі тиісті бұйрықтың жобасын бұқараның талқылауы үшін «Ашық НҚА» порталында жариялайтынын айтты. Сондықтан талқылаудан кейін тәуліктік лимиттердің көлемі өзгеруі де мүмкін.

Шекара қызметінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағына күніне 4,4 мың жүк көлігі кірсе, соның 70%-ы — шетелдік көліктер.

Болат Ақшолақов отандық нарықтағы дизель отынының арзандығынан транзиттік көліктер жанармайды Қазақстаннан толтырып алатынын айтты. Осының салдарынан дизель отынының орташа айлық тұтынымы 120 мың тоннаға артып отыр, сондықтан тапшылық туындатпас үшін, салалық министрлік транзиттік көліктер үшін дифференциалды тариф енгізбекші.

«Бізде бүгінде жылына 5 млн тонна дизель өндіріледі. Біз одан аз көлемде тұтынамыз, санкцияланбаған жылыстау жүріп жатқандықтан, Қазақстан 6 млн тұтынатын секілді көрінеді. Яғни шамамен бір миллионы артық. Демек бұл шиеленіс тудырады. Егер осы процесті ретке келтіретін болсақ, біздің өз қажеттілігімізге дизель отыны жетеді», — деп мәлімдеді Болат Ақшолақов.

Ол ауыл шаруашылығы дизель отынына ешқашан тапшылық көрмегенін, себебі мемлекет көктемгі және күзгі алқап жұмыстарына қажетті көлемді әрдайым бөліп отыратынын тілге тиек етті. Оған қоса ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін баға нарықтағыдан төмен. Алдағы жиын-терім науқанында олар үшін дизельдің бағасы тоннасына 222 мың теңге болады, бұл литріне шаққанда 180 теңге құрайды.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
03.08.2022, 13:32