Меню CARMA.KZ

Нұр-Сұлтанда жарты айда 3,5 мың рет жол ережесі бұзылғаны анықталды

Соның ішінде 33 жүргізуші автомобильді мас күйде жүргізген.

Нұр-Сұлтанда жарты айда 3,5 мың рет жол ережесі бұзылғаны анықталды / Фото: kapital.kz
Нұр-Сұлтанда жарты айда 3,5 мың рет жол ережесі бұзылғаны анықталды / Фото: kapital.kz

Нұр-Сұлтанда «Қауіпсіз жол» алдын ала шарасы жалғасып жатыр. 19 шілдеден 1 тамызға аралығында бас қалада 3,5 мың ЖҚЕ бұзылғаны анықталды. Соның ішінде 33 адам автомобильді мас күйде жүргізсе,  140 жүргізуші басып озу ережесін бұзған, 27-сі қарсы бағытқа шығып кетіп, 166-сы апаттық жағдай туындатқан, және тағы 200 көлік айдаушы бағдаршамның қызыл шамына өтіп кеткен.

«32 шетелдік тұлға  заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан», — деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіндегілер.

Түрлі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 140 автомобиль айыптұрағына қойылды.

Сондай-ақ құқыққорғау органдары жалған нөмір таққан 2 автомобильді анықтады. Екі машина да («LADA Granta» және «Mercedes») айыптұрағына әкетілді.  Жүргізушілерге «Көлік құралын пайдалану ережесін бұзу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Оларды 20 АЕК көлемінде (61 260 теңге), немесе 1 жылға жүргізу құқығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қол қойған болатын, оған сәйкес көліктерін жалған немесе бөтен нөмір тағып алып пайдаланғаны  үшін жаза қатаңдатылған. Тәртіп бұзушыларды бір жылға құқығынан айыру ғана емес, 5 тәулікке қамауға алу да қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан полициясы 2022 жылдың 19 шілдесінен бастап «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасын өткізуде. Алғашқы тәулікте 364 жол ережесін бұзу фактісі анықталды, оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 70 жүргізушіге айыппұл салынды.

Сондай-ақ, «Қауіпсіз жол» аясында елордалық полиция өтелмеген әкімшілік айыппұлдар туралы 335 хабарлама берді.

Бұған дейін CARMA.KZ редакциясы жарты миллион қазақстандықтың көлік салығы бойынша жалпы сомасы 19,3 миллиард теңге қарызы бар екенін анықтаған болатын. Нұр-Сұлтанда осындай 35,3 мың көлік иесі бар, олар мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам қарыз.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
02.08.2022, 13:30