Нұр-Сұлтанда 1,7 мыңға жуық ақылы тұрақ алынып тасталды
Басқалада 55 жер учаскесі ақылы тұрақтарға арналған кеңістіктің тізімінен шығарылды.
Нұр-Сұлтанда 1 680 ақылы тұрақ орны жойылды. Әлеуметтік нысандар төңірегінде болған кеңістіктер ақылы тұрақтарға арналған орындар тізімінен алынды. Елордада осындай 55 учаске болған.
Сарыарқа ауданында — 860 , Алматыда — 325, Байқоңыр ауданында — 107, Есіл ауданында 388 ақылы тұрақ орны алынып тасталды.
«Ақылы тұрақ орындары орналасқан учаскелер қаланың меншігі болып табылады. Елорданың көлік стратегиясына жататын жоба тұрақ орындарының тапшылығын жойып, көлік трафигін реттейді, жүргіншілер мен тағы басқалардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. Жобаның басты мақсаты – көшелердің өткізу қабілетін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту», — делінеді Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайтындағы хабарламада.
«Астана тұрақ кеңістігі» мекемесі ақылы тұрақтарды тиімді басқару қаладағы тұрақ орындарының жүктемесін 40-50%-ға, жергілікті жолдардың жүктемесін 20-30%-ға төмендетіп, ЖЖЕ-сін бұзуды 70%-ға қысқарта алатынын айтады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің дерегі бойынша, бас қаланың орталық аудандарындағы көлік нөпірі ақылы тұрақтар ашылғанға дейін 150-175%-ды құраған, көлік жүргізушілер тегін тұрақтарға көліктерін қалауынша (кейде тіпті тәулікке және одан да көп уақытқа) қалдырып, өз еріктерінше пайдаланып келді. Бұл өзге көлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудырып отырды. Қазір әкімдік жағдайдың әжептәуір жақсарғанын айтады.
«Тұрақ орындарының 10%-ы мүгедек жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған. Жеңілдік қарастырылмаған азаматтардың барлығына ақылы аймақтардағы тұрақтар күн сайын сағат 20.00-ден кейін және демалыс пен мереке күндері тегін», — деп мәлімдеді қала билігі.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қарашасында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаулы шығарып, соған сәйкес ақылы тұрақтар саны 24-тен 536-ға дейін көбейді. 2022 жылдың наурызында қаулы күшіне енді. Алайда қала тұрғындарына жаңа ереже ұнай қойған жоқ. Олар қалаға ақылы тұрақтар қажет емес деп санайды.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың сөзінше, ақылы тұрақтар жобасы бұған дейін Министрліктер үйі ауданында өз тиімділігін көрсетті. Ол қазір тұрақтар кеңістігі тиісті емес жерлерге ақылы тұрақтар белгілеген, сондықтан әкімдік оларды орналастыру жоспарын қайта қарайтын болады деп атап өтті.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.08.2022, 08:10