Меню CARMA.KZ

Volvo-ның саудасы әлем бойынша құлдырап барады

Жартылай өткізгіштердің тапшылығы мен коронавирусқа байланысты шектеулер компанияның 2022 жылғы ІІ тоқсандағы жұмысына жағымсыз әсер етті.

Volvo саудасы әлем бойынша құлдырап барады / Фото: kolesa.ru
Volvo саудасы әлем бойынша құлдырап барады / Фото: kolesa.ru

2022 жылғы сәуір мен маусым аралығында Volvo-ның саудасы 27%-ға төмендеді. Компанияның өзінде бұның себебін жартылай өткізгіштерді жеткізуді шектеп, олардың тапшылығын тудырған Қытайдағы коронавирустық шектеулермен байланыстырады. Volvo 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылдың басында саудада өсім болады деп күткен болатын.  

Volvo-ның акциясы қазірдің өзінде 5,8%-ға арзандап кетті. 2022 жылғы ІІ тоқсанда компания шамамен 1,1 млрд доллардай табыс тапты, деп жазады Bloomberg.

Компаниядағылар 2022 жылдың ІІ тоқсанында жартылай өткізгіштерді жеткізуге қатысты жағдай біршама жақсарғанын айтады. Дегенмен Volvo автомобильдерді жеткілікті көлемде шығарып, өз машиналарымен сұранысты өтей алмай отыр. Сондықтан 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы сауда айтарлықтай жақсарады деген үміт аз.

Мысалы, Қазақстанда Volvo жаңа автомобильдерінің саудасы өзге брендтермен салыстырғанда өте төмен. Astana Motors-тың деректері бойынша, 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында барлығы жаңа 16 Volvo машинасы сатылған. Салыстырар болсақ, дәл осы кезеңде Astana Motors 15 мың Hyundai автомобилін сатқан.

Volvo-ның атқарушы директоры Джим Роуэннің айтуынша, өндіріске жартылай өткізгіштердің тапшылығы әсер еткен. Қазір бұл мәселе ішінара ғана шешіліпті. Әйтсе де компаниядағылар Қытайда коронавирустық шектеулер «осылай ұзақ отыратынын» күтпеген.

«Бұл біздің ұзақмерзімді перспективадағы көздегеніміз емес. Бірақ ІІ тоқсанда тап болған турбуленттілікті ескерсек, бұл өндіріс көлемін қалпына келтіру үшін жақын арада бізге тірек болатын жақсы негіз», – деп мәлімдеді Джим Роуэн.  

Айта кетейік, Volvo 2030 жылға ішкі жану қозғалтқыштарынан толықтай бас тартуды жоспарлап қойған. Бұл компанияның табысын арттырады деп көзделді.

Электромобильдер өндірісіне көшуді шешкен Volvo жалғыз компания емес. Hyundai да 2035 жылға қарай ішкі жану қозғалтқышы бар машиналардан бас тартып отыр. Компания қаңтар айында Асана қаласындағы зауытта Sonata және Grandeur модельдерін шығаруды тоқтатып, осы желілерді Ionic 6 EV өндірісіне ауыстырды.  

Жалпы алғанда Еуропада жаңа автомобильдердің саудасы төмендеп барады. Маусымдағы көрсеткіштер бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 15,4%-ға төмен. Еуропаның автоөндірушілер қауымдастығы (АСЕА) болса, еуропалық автоөндірушілер үшін жеткізу тізбегінде мәселе сол күйі тұрғанын айтады. 

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
21.07.2022, 11:07