Меню CARMA.KZ

Tesla Қытайдағы өндіріс көлемін ұлғайтуда

Tesla компаниясының Қытайдағы фабрикасы АҚШ-тағы зауыттардан көп машина шығарды.

Tesla Қытайдағы өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр / Фото: ixbt.com
Tesla Қытайдағы өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр / Фото: ixbt.com

Tesla-ның 2022 жылдың ІІ тоқсанына жасаған қаржылық есебіне сәйкес, Шанхайдағы зауытта қондырғыларды жаңғыртқаннан кейін өндіріс көлемі артқан. Зауыттың қазір жылына 750 мың автомобиль шығаруға қауқары жетеді.

Салыстырар болсақ, Tesla-ның Калифорниядағы зауыты жылына 650 мың машина шығара алатын болса, Техас пен Берлиндегілері жылына 250 мыңнан шығарады, деп жазады Chinadaily.

Қытай жеңіл автомобильдерінің қауымдастығының деректері бойынша, Tesla-ның Шанхайдағы зауытынан алғашқы жартыжылдықта 295 мың автомобиль, оның 78,9 мыңы маусым айында шыққан. Бұл компанияның айлық өндіріс бойынша рекорды болып табылады.

Tesla-ның барлық автомобильдерінің жартысынан көбі қытайлық зауытта шығарылады. Зауыт 2019 жылы салынып, сол жылдың өзінде фабрика алғашқы көліктерді шығарып үлгерді.

2021 жылы Шанхайдағы кәсіпорын 484,1 мың Tesla автомобилін шығарды. Бұл сан 2020 жылғыдан 2 есе көп. Бұл машиналардың бір бөлігі (160 мыңы) шетелге экспортталып, Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде Tesla автомобильдеріне сұранысты толықтай өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа энергия көздерінен (NEV) қуат алатын автомобильдерді шығаруда BYD Auto Co. көш басына шықты. Ол алғашқы жартыжылдықта 641,3 мың машина сатқан. Осылайша, компания алты айда NEV автомобильдерін өндіру көлемі бойынша бірінші орыннан Tesla-ны сырғытты.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.07.2022, 08:20