Қазақстандағы жолдардың сапасына Мемлекет басшысының көңілі толмайды
Ол Ақордаға апаратын жолды «қырық жамау көрпеге» теңеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік жолдарының сапасына қатысты мәселе көтерді. Оның сөзінше, бұл саланы жемқорлық жайлап алған.
Мысалы, жолдарды жөндеуге өткізілетін тендерлерді жыл сайын белгілі бір компаниялар ғана жеңіп алады. Оған қоса жолдарды жөндеуге бөлінген қаражаттардың 44% бойынша жылдың ортасы болса да мемлекеттік сатып алу өткізілмеген. Барлығы 11 мың шақырым жолды жөндеуге 600 миллиард теңге бөлінген.
«Біздің елімізде жолдардың нашар екендігі және жол құрылысы саласындағы жемқорлық ешкімге де құпия емес. Ақордаға апаратын жолдың өзі қырық жамау көрпе секілді», — деп мәлімдеді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол компаниялар отандық өндірушілердің әлеуетін пайдаланбай отыр деп атап өтті. Президенттің сөзінше, салада жолдарды жөндеуге арналған отандық өндірістегі материалдарға тапшылық қолдан жасалып отыр.
Осыған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер жолдардың сапасы бойынша әкімдіктердің рейтингін анықтайтын әдістемені 2022 жылдың соңына дейін бекітуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Ендігі жерде жөндеу жүргізілгеннен кейін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы нормативтерге сәйкес келетіндігі туралы қорытынды беретін болады. Қазір, аталмыш министрліктің деректері бойынша, жол пайдалануға берілген соң техникалық қадағалау мен жобалау мекемелері сапасыз жобалық шешімдері мен ақаулар анықталған жағдайда жауап бермейді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
14.07.2022, 13:15